Печать
PDF

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ

Географиялық жағдайы

Жезқазған қаласы байырғы Сарыарқа жерінде орналасқан, негізгі аумағы кең байтақ , көз жетпес даланы құрайтын шексіз жазықтық пен алқаптардан тұрады. Сол себептен, Сарыарқа ерте заманнан бері көптеген халықтар арасында Ұлы дала деген атқа ие болған. Ол туралы көп айтылып та, жазылып та жүр, оны «алтын дала», «алтын планета» деп те атайды. Жақын орналасқан анағұрлым үлкен таулардың бірі – Ұлытау (1195 м), Ұлытаудың таулы беткейінен Қаракеңгір өзені мен оның тармақтары, сондай-ақ, Сарыкеңгір, Сарысуға құйылатын Жыланды және Жезді өзендері өз бастауын алады.

Бұл мыс аймағы. Шөптесінді жамылғысында астық-жусанды, жусан және жусанды-тұзды кешендер ашық қоңыр және қоңыр топырақ бетінде үйлесім тапқан. Климаты шұғыл континентті және құрғақ. Аумағы шаңды дауыл әсеріне көп ұшырайды. Қысы қатты, ал, жазы ыстық әрі құрғақ. Көктемі мен жазы қысқа. Жоғары деңгейлі континентальдығы мен құрғақтығы мұхиттар мен теңіздерден қашық орналасқандығынан. Вегетациялық кезеңінің ұзақтығы мен күн жылуының мөлшері көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарын: жаздық бидай, жүгері, әр түрлі көкөністер өсіруге мүмкіндік береді.

Жануарлар әлемі өте бай: сүтқоректілердің 60 түрі, құстардың 200 түрі, балықтың 20 түрі бар. Қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен, борсық, ақкіс, аламан, ақ қоян кеңінен таралған. Су қоймаларында ондатр бар.

Қала тарихы

Жезқазған - еліміздің мысты қазынасы. Қала тарихы комбинаттың тарихымен тікелей байланысты. Осыдан не бәрі елу жыл бұрын ғана кішкене кент - Жезқазғанның алғашқы тұрғындары құрылысшылар мен кеншілер болды.

Байырғы қазақ жері өзінің жер асты байлығымен белгілі болған. Жезқазған мысты кен орны адамзатқа 3000 жыл бұрын белгілі болған. Бұған куә көптеген ашық жұмыстар кесіндері, балқыту пештері, жыныстар мен кен үйінділері. Бұрынғы кен қазушылар жер қойнауынан 2 миллион тоннадан аса жоғары сапалы мыс кенін шығарған. Уақыт өткен сайын мұндай өндірулер азайған.Сонау жылдардан халықтың жадында сақталып, бүгінге жеткені жергілікті жер атауы – Жезқазған.

Ғасырлар жылжып өтті. 1771 жылы Орталық Қазақстанға барон Траубенбергтің экспедициясы келді. Экспедицияға қатысушылардың бірі капитан Николай Рычков өзінің күнделігінде былай деп жазған: Ұлытаудың айналасында сол елді мекендеген байырғы тұрғындар қазған көптеген мыс кен орындары, сондай-ақ, алтын мен күміс кендерінің белгілері де табылды. Траубенберг экспедициясы нәтижесінің қызығушылық тудырғаны сондай Жезқазған аумағына тағы да бірнеше зерттеушілер келді. Кен орнын пайдалануды бастауға ниет білдіргендер де болды.

1847 жылы екатеринбургтік көпес Никон Ушаков малшы Батыр Бақасынның мыс белгілері байқалған үлкен аумақ жерін 400 сомға жалдады. Ушаковтың да, одан кейінгі Рязановтардың да мысқа бай өлкені зерттеуге және оны өндіруге қажетті жеткілікті қаражаты болған жоқ. Жезқазған, Ресейдің басқа да көптеген пайдалы қазбалы кен орындары сияқты ХХ ғасырдың басында шетел акционерлік капиталының қолына тиді.

1909 жылы ағылшындар Рязановтан Жезқазған кен орнын сатып алды және 1913 жылдың көктемінде Қарсақбайда мыс балқыту заводы мен байыту фабрикасын салу үшін дайындық жұмыстарын бастады.

Ағылшындарға теміржол салу тиімді болған жоқ. Құрылысқа қажетті жүк Қарсақбайға 400 шақырым жердегі Жосалы станциясынан түйелермен жеткізілді. Түйелермен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда жабдықтар «керуенмен» жіберілді. «Керуен» дегеніміз не? Жосалы станциясынан Қарсақбайға қарай ұзындығы 13 шақырым рельс жолы салынды. Оған бес паравоз бен 278 вагон тіркелді. Құрам 13 шақырымға ғана жүре алатын, одан соң жол бұзылып, алдыңғы жағына қайта төселетін. 1917 жылдың қазанында үш жыл жол жүрген «керуен» Қарсақбайға келді.

Қазан төңкерісі жергілікті болсын, шетелдік болсын капиталистердің билік жүргізуіне тыйым салды. Халық өз байлығына ие болды.

Азамат соғысынан кейін 1925 жылдың маусымында Атбасар түсті металдар тресі құрылды, оған Қарсақбай комбинаты, ал, 1928 жылдың қарашасында Қарсақбай мыс балқыту заводы алғашқы өнімін берді.

Осы кезде Жезқазғанның аумағында геологиялық зерттеу жұмыстары кең етек алды. Жер қойнауын зерттеушілердің мәліметтері негізінде КСРО Ғылым академиясының ғылыми сессиясы 1934 жылдың қарашасында Жезқазған мысты кен орнын қоры бойынша еліміздегі бірінші кен орны деп таныды.

Мысты өңірді табысты игеру үшін ең алдымен көлік проблемасын шешу қажет еді.

1935 жылдың жазында теміржол трассасына қаражат қарастырыла бастады, келесі жылы оның құрылысы басталып та кетті.. Қазан төңкерісінің ХХ жылдығын мерекелеу қарсаңында ұзындығы 400 километр енді теміржол Жезқазғанға дейін жеткізілді.

Сонымен қатар, Жезқазған комбинатының құрылысына дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілді.

1940 жылы «Покро-орталық», «Петро-орталық» қуатты пайдалану шахталарының және су қоймасының құрылысы басталды.

Комбинат өркендеп, дамыды, онымен бірге 1938 жылы негізі қаланған құрылысшылар кенті де өсіп, көркейе түсті. Жаңа үйлер, мәдени және тұрмыстық мекемелер салынды, Жезқазған өнеркәсіп ауданында ауыл шаруашылығы өндірісі ұйымдастырылды.

Фашистік Германияның Кеңес Одағына шабуылы Үлкен Жезқазғанның құрылысын тоқтатты. Жезқазғандықтардың барлық күш-жігері өнім шығаруды көбейтуге бағытталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыс кенін өндіру бірнеше есе өсті.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде жұмысшылардың, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен қызметшілердің жанқияр еңбегі үшін Жезқазған комбинатына Мемлекеттік қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туы 16 рет тапсырылды. Бұл ту Отан алдындағы еңбегі үшін комбинатқа мәңгілікке қалдырылды.

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуынан кейін комбинаттың кешенді дамуы жаңа қарқынға ие болды. 1947 жылы Жезқазған байыту фабрикасының құрылысы басталды, оның үш секциясы 1954 жылы пайдалануға берілді. 1955 жылы мыс-қорғасын кенін қайта өңдеуге арналған төртінші секция қатарға қосылды.

Соғыстан кейінгі он жыл ішінде, 1945 жылдан бастап 1955 жыл аралығында 6 шахта салынып, пайдалануға берілді.

Үлкен Жезқазған адам танымастай өзгерді. Он жыл ішінде 108 мың шаршы метр тұрғын алаң, Мәдениет сарайы, 4 орта мектеп, 8 бала бақша, бірнеше аурухана мен дүкен, нан заводы, 100 километр теміржол, 150 мың шаршы метрден аса бетонды жол, 215километр су және кәріз құбырлары салынды, темір бетон өнімдері заводы мен екі асфальтбетон заводы салынды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1954 жылғы 20 желтоқсандағы жарлығымен 30 мыңнан астам тұрғыны бар Үлкен Жезқазған жұмысшылар кенті Жезқазған қаласы болып қайта құрылды.

Жеті жыл ішінде екінші байыту фабрикасы, жылу электр орталығы, бірнеше шахта, оның ішінде, ашық жұмыстардың ірі карьері №55 алып шахта іске қосылды. Сондай-ақ, ет комбинаты, сүт заводы, ұн тарту комбинаты, тоқыма-тігін фабрикасы салынды. Көп қабатты үйлердің тұрғын алаңы 383 мың шаршы метрді құрады.

Жезқазғандықтар Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атымен аталатын тау-кен металлургиялық комбинатын ерекше мақтаныш тұтады.

Білім және мәдениет жүйесі дамыды. Жезқазған алғашқылардың бірі болып теледидарды игерді. Қарағанды политехникалық институтының кешкі факультеті ашылды, ол 1992 жылы тау-кен технологиялық институты болып қайта құрылды. Кейін осы институт пен Жезқазған педагогикалық институты базасында қазіргі О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті ашылды.

Дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше мән берілді. Үш стадион жұмыс істеді. «Горняк», «Металлург», «Еңбек» футбол командалары бірнеше рет республика чемпионы атағына ие болды, сол кездегі командалардың екінші лигасында жүлделі орындарды иеленді. Сарысу және Жезді өзендерінде балық аулау дамыды. Арқа даласындағы қала көгалдандырылып, барлық жұмысшы кенттерімен және олардың қосалқы шаруашылықтарымен, асфальтты жолдармен байланыс орнатылды, қазіргі заманға сай әуежай салынды.

1973 жылы Жезқазған жаңадан құрылған Жезқазған облысының орталығы болды. Қала Ұлытау ауданының қалыптасуына үлкен көмек көрсетті. Жезқазған мыс балқыту заводының құрылысы аяқталды, №3 байыту фабрикасы салынды, жаңа алып шахталар іске қосылды.

Тәуелсіз Қазақстанның нарықтық экономикасын қалыптастыру кезеңінде барлық қосалқы кәсіпорындарымен қоса тау-кен металлургиялық кешенін сақтап қалу, қалпына келтіру және одан әрі дамыту үшін күрделі қаржы салымын тарту мәселесі тұрды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық экономиканы қалпына келтіру, тұрақтандыру және көтеру стратегиясына сәйкес республикамызға шетел инвесторлары шақырылды. Әлемдік экономикалық жүйеге белгілі оңтүстік Кореялық «Самсунг» фирмасыстратегиялық әріптеске айналды, ол 1995 жылы 200 млн. аса АҚШ долларынбөлді. Бұл Жезқазғанның басты кәсіпорнының өмірін түбегейлі өзгертуге себеп болды. Жезқазғандық кеншілер, байытушылар мен металлургтер қысқа мерзім ішінде қалыптасқан жағдайдан шығудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болды, ал, тау-кен ісінде қайта жабдықтау жүргізілді.1998 жылы «Қазақмыс» корпорациясы толықтай өндірістік бағдарлама бойынша жұмыс істеді. Ерекше тапшы шикізат пен металл шығаратын «Жезқазған түсті металл» мемлекеттік кәсіпорны да жұмыс істей бастады.

Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясы – Қазақстандағы барлық экономикалық реформа талаптарына және нарық заңына сәйкес келетін қазіргі заман үлгісіндегі кәсіпорын. Корпорация ТМД елдері арасында ірі мыс өндірушілер қатарында. Корпорацияның тиімді қызметінің айрықша ерекшелігі оның көп салалы және өзін-өзі қамтамасыз ететін, вертикальды –біріккен кәсіпорынға айналуында жатыр, оның өз көмірі, электр қуаты, кен базасы , байытатын өнімі иен мыс балқыту заводтары бар.

  • platonus kartinka
  • Bolashak
  • site prezidenta kazakhstana 0
  • Ministerstvo Obrazovanie RK
  • Elektronnoe Pravitelsto Kazakhstana
  • fin logotip ru
zoofirma.ru