Басып шығару
PDF

Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров

Байконуров big

(14.09.1912 ж. - 15.03.1980 ж.)

1912 жылы қыркүйек айының 14 жұлдызында Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Сөмке ауылында (қазіргі Ұлытау ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1925 жылдан бастап, ғұмырының соңына дейін Қарсақбай, Шымкент және Қарағанды металлургия зауыттарында металлург-жұмысшы болып жұмыс істеген.

Ө.А. Байқоңыров ауылдағы қазақ бастауыш мектебін тәмамдаған.

1931-1932 жылдар аралығында ФЗУ-де (фабрика-зауыт училищесі) оқып, 1932 жылдың мамыр айында «Бұрғылаушы шебер» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Училищеде сабақты жүргізу үшін мекеме мамандары шақырылып отырған. Соның ішінде Қазақ КСР ғылым Академиясының болашақ тұңғыш президенті – Қ.И. Сәтбаев бар еді, ол кезде зауыттың бас геологы болатын. Осы көрнекті кісімен кездесуі Байқоңыров үшін қызмет жолының негізгі бағытының айқындалуына жол ашылды.  

Ө.А. Байқоңыровтың еңбек жолы КСРО түсті металлургияның тұңғыш өндіріс ошағы –  Қарсақбай мыс зауытының құрылысында басталды. 1927-1930 жылдары Қарсақбай мыс балқыту зауытының құрылысында ағаш шеберінің үйренушісі болып жұмыс істеген. 1932-1933 жылдары Қ.И.Сәтбаевтың басшылығымен Қарсақбай мыс комбинатының Геология басқармасында аға коллектор болып қызмет еткен.

Қарсақабайдағы зауытта жұмыс істей жүріп, өндірістен қол үзбей, мектепте оқуын жалғастырған. 1933 жылы Қарсақбай мыс комбинатымен және аудан комитетімен Семей геологиялық-барлау институтына оқуға жіберілген. Бірақ, Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеп жатқан әкесінің науқастануына байланысты Байқоңыров Шымкентте қалуға тура келді. Ол жерде Шымкент қорғасын зауытының (ШҚЗ) механика цехында сызушы-құрастырушы болып жұмыс істеген.

Қ.И. Сәтбаевтың ұсынысы бойынша ШҚЗ партия комитеті 1934 жылы Байқоңыровты Алматыға оқуға жіберген. 1935 жылдың соңына дейін даярлау курстарында оқиды, кейін Қазақ таукен-металлургия институтына (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника университеті) оқуға түсіп, 1940 жылдың маусым айында «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тау-кен инженері болып оқуын тәмамдаған.

1940 жылы маусым айында институтты аяқтағаннан кейін Ө.А. Байқоңыров өзінің туған Жезқазғанына жолдама алған. Еңбек жолын ауысым шеберінен бастап, әкімшілік-инженерлік қызметтің барлық сатысынан өткен. 1941 жылға дейін № 31 кенішінде ауысым бастығы, № 32 кенішінде кеніш бастығы, кейін № 13 кеніштің бастығы болып жұмыс істеген. 1943 жылдың қараша айында «31-32» кеніш басқармасының бастығы болып тағайындалып, ол жерде 1952 жылға дейін қызмет еткен. 

1952 жылы қазан айында Ө.А. Байқоңыров Қазақ тау-кен металлургия институтының директоры болып тағайындалған. 1960 жылы бұл оқу орны политехникалық институты болып қайта құрылған. Ол жерде ректор болып 1962 жылға дейін жұмыс атқарған. 1962 жылдың мамыр айында Қазақ КСР ғылым академиясының академигі болып сайланады да, сонымен қатар академик хатшы болып қызмет еткен. 

1964 жылы Қазақ политехникалық институтына ауыстырылып, ғұмырының соңына дейін «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру технологиясы мен кешенді механизациялау» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс атқарған.

Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров – Қазақ КСР ғылым Академиясының академигі (қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы), техника ғылымдарының докторы, профессоры, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру саласындағы әйгілі ғалым-энциклопедист, әлемдік ғылыми ортада іргелі еңбектері зор құрметке ие болған, өндіріс ұйымдастырушысы және ірі тау-кен инженері, студент жастардың тәрбиешісі және керемет педагог, көрнекті қоғам қайраткері, білімді дәріптеуші, өз Отанының нағыз патриоты, атақты Қ.И. Сәтбаевтың шәкірті, әрі ісін жалғастырушы.   

Жас тау-кен инженерінің еңбек жолы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келді. Оған революцияға дейін ағылшындармен тасталып кеткен № 13 ескі кенішті қайта іске қосу міндеттелді. Уақыт жылдам, әрі аз ғана шығынмен мыс рудаларын өндіру көлемі мен тау-кен жұмыстарын арттыруды талап етті. Еңбек пен ізденістердің қиын күндері мен ұйқысыз түндері басталды. Еңбекті ұйымдастыру жағы қарастырылды, жұмыстардың жаңа кестесі жасалынды, қолданыстағы механизмдер кеңінен пайдаланылды. Инженер Байқоңыровтың ізденістері сәтті аяқталды. Оның басшылығымен жерүсті құрылыстары, кеніш оқпандары мен жерасты қазбалары қайта қалпына келтірілді. Бұл жерде жас маман тау-кен қазбаларын жүргізуде жаңа әдістерді қолдана білетін ынталы, бастамашыл инженер ретінде өзін көрсетті. Соның нәтижесінде үш-төрт айдан кейін әскери өндіріске өте қажет жаңадан тонналап мыс алына басталды. Тау-кен инженері Ө.А. Байқоңыровтың фашистік Германияны жеңудегі ерлігі баға жетпес!

Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінен кейін № 31-32 кеніш басқармасы бір жылдан кейін мемлекеттік жоспарды шамандан тыс орындап, ауыспалы туды жеңіп алды. Жезқазғанға мәңгілік сақтауға қалдырылған КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Жезқазған мыс комбинаты 16 рет ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алды. Осы кезден бастап, 10 жыл бойы тау-кен жұмыстарының жаңа әдістері тұрақты түрде сынақталатын озық кәсіпорын болып есептелді. Жезқазғанда Байқоңыров жүрдек қазбаларды ұңғылау, ұңғылау үдерістерін механизациялау мен тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Тұңғыш рет кеніште қуатты 2 және 3 барабанды скреперлі құрылғылар кеңінен қолданылды, өздігінен жүретін бұрғылау, тиеу және жеткізу көліктері сынақталды. Кенішке Ө.А. Байқоңыровтың басшылығымен кеншілердің өз күшімен құрастырылған өздігінен жүретін бұрғылау кареткасы мен электрлік жүк көлігі іске қосылды.

Ө.А. Байқоңыров кәсіби тау-кен инженері ретінде бұрғылау және жару жұмыстарынан бастап, руданың қалыңдығы мен қойнауындағы әр түрлі жағдайларда өңдеу жүйесін жандандыруына дейін технологиялық үдерістердің жаңаруына және дамуына елеулі үлес қосты.

Жасалынған барлық жұмыстар кандидаттық диссертацияның негізіне айналды. Сөйтіп, өндірістен қол үзбей Ө.А. Байқоңыров 1951 жылы кандидаттық диссертацияны қорғаған. Жұмыстардың нәтижесі өндіріске енгізілген. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жетекшісі – тау-кен ісі саласындағы көрнекті ғалым, академик А.С. Попов болды.

Осы кезде Ө.А. Байқоңыров ашық кенжарлы жүйенің «Озып отыратын терең ұңғымалармен бұрғылап күрделі төбе-табанды кертпештеп қазып, камералық-діңгекті қазу жүйесі» деп аталатын жаңа нұсқасын ұсынған. Аталынған жүйе КСРО Мемлтехникамен тексеріліп, авторлық куәлік берілген (№ 11697).

1959 жылы Ө.А. Байқоңыровқа «Кен орындарын игеру» кафедрасының профессоры ғылыми атағы берілген. Негізгі ғылыми қызметі жерасты және ашық әдіспен пайдалы қазбаларды өндіру жүйесін жақсартуға бағытталған.

Өмірхан Аймағамбетұлы – уақытпен санаспай, жұмысқа жан-тәнімен берілген тұлға. Ол Қазақстан – дамып келе жатқан республика, сондықтан түрлі кәсіптегі мамандар қажет екендігін жақсы түсінді. Инстиуттың болашақ басшысы ретінде Байқоңыров мемлекеметімізге қажетті жаңа мамандықтардың ашылуына өз үлесін қосты. ҚазТМИ-де «Құрылыс», «Сәулет өнері», сонымен қатар «Мұнай ісі» деген мамандықтар ашылды. Бірақ, ол кезде Қазақстан мұнай державасы болып есептелмеген. Әсіресе, ол есептеу техникасы мен информатикаға байланысты жаңа мамандықтарды қолдаған. 

Академик Ө.А. Байқоңыров Қазақстандағы техника саласының зиялы қауымының көшбасшысы бола отырып, Қазақстанның техникалық элитасының қалыптасуына және дамуына, кәсіби өсуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол Қазақстандағы ірі өндіріс базасындағы институт факультеттері мен ұйым филиалдарының ұйымдастырылуының бастамасшысы болған. Оның талабымен Қарағанды қаласындағы Тау-кен институты (1953), Өскемен жол-құрылыс институты (1958), Рудный кешкі факультеті (1959), Алматыда С.М. Киров атындағы зауытына қарасты кешкі машина жасау факультеті (1962) және тағы да басқа ЖОО құрылымдары ашылды.

Ө.А. Байқоңыров бір бағыттағы институтты политехникалық институтқа айналдыру үшін көп еңбек еткен. Академик Ө.А. Байқоңыровтың күшімен Қазақстанда мүлдем жаңа техникалық ЖОО пайда болды. Онда Қазақстан өндірісінде және ғылымдағы негізгі позицияларды ұстанған он мыңдаған мамандар дайындап шығарылды. 1960 жылдың 08 шілдесіндегі ҚазПТИ-дің ашылуы университеттің тарихындағы маңызды күн болып есептеледі. 

1962 жылы ҚазКСР ҒА-ның президенті Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысымен профессор Ө.А.Байқоңыровтың академиядағы сайлауы сәтті аяқталғаннан кейін, ҚазКСР ҒА-ның академия мүшесі және академик хатшысы болып тағайындалған. 

Ғалым әрқашан жаңа теориялық мәселелерді шешумен айналысқан. Тау-кен ісінің ғылыми-зерттеу институтында ғалымның басшылығымен тау-кен геофизикасы мен динамикалық фотоикемділік зертханалары ашылды. Тау-кен жұмыстарын өндіру кезінде пайда болатын физикалық өрістерді, статикалық өрістер мен динамикалық кернеулерді зерттеу арқылы массив қасиеттерін зерттеу технологиялық үдерістердің тиімді, әрі қауіпсіз параметрлерін дұрыс таңдауға мүмкіндік беретінін етене түсінген.

Байқоңыров ғылыми-педагогикалық қызметін қоғамдық белсенді жұмыспен ұштастыра білген. Атап айтсақ, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаты (1951-1954 ж.ж.), Алматы қалалық Кеңесінің депутаты, ҚазКСР ҒА президиумының,  ҚазКСР ЖжАОБМ  Коллегияның мүшесі, еңбекті қорғау қоғамының орталық Кеңесінің төрағасы, ҚазКСР «Білім» қоғамының Президиумының, ҚазКСР ҒА әлем және жер туралы ғылым бөлімі бюросының, түсті металлургия ғылыми-техникалық қоғамының республикалық Президиумының мүшесі, ҚазКСР ЖжАОБМғылыми-әдістемелік кеңесінің тау-кен секциясының төрағасы, Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакциясының, жер қойнауы туралы КСР Одағы мен одақтық республикадағы заңнамалардың Негізгі жобаны дайындау бойынша комиссияның, ҚазКСР ҒА-ның тау-кен Институты мен Қазақ политехникалық институты Оқу кеңесінің мүшесі және т.б.   

Отан алдындағы Ө.А. Байқоңыровтың еңбегі, әлемдік ғылымға және жоғары білім саласына қосқан үлесі үкімет тарапынан ескеріліп, марапатталған. Ғалым сол кездегі жоғары марапат болып есептелінетін – Ленин орденімен, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің медалімен және Құрмет грамотасымен, І дәрежелі «Кенші даңқы», «КСРО Түсті металлургия халықтық комитетінің социалистік жарысының үздігі», «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы», «9-шы бесжылдықтың екпіндісі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгілерімен, «Халық шаруашылығындағы жеткен жетістіктері үшін КСРО ХШЖК алтын медалімен және І дәрежелі дипломымен» марапатталған.  

Оған «Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері» деген құрмет атағы берілген. Академик Ө.А. Байқоңыровтың есімін мәңгі есте сақтау үшін Жезқазған университетіне (ЖезУ), Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Тау-кен институтына (ҚазҰТУ), Алматы, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы көшелерге ғалымның есімі берілген, кеніш басқармасының ғимараттарында (Жезқазған руднигі), Алматы қаласындағы тұрғын үйлерінде, Жезқазған руднигінде, «Кен орындарын әзірлеу технологиясы» кафедрасында ескерткіш-тақталар орнатылған, ҚазҰТУ мен ЖезУ-дегі дәрісханалар академик Байқоңыровтың есімімен аталады, Жезқазған университетіндегі оқу ғимаратының алдына монумент пен тас мүсіні қойылған, «Академик Ө.А. Байқоңыров» кітабы шығарылды, «Кен орындарын жер асты өңдеу әдістерін таңдау және жіктеу» тақырыбындағы тау-кен қоғамында үлкен сұранысқа ие екінші мерейтойлық басылым жарыққа шыққан.

Академик Ө.А. Байқоңыров түсті металл рудаларын, химиялық шикізат пен металл емес материалдарды бұған дейінгі жерасты және ашық түрде өндіруді жаңартып, жетілдірудегі қазақстандық ғылыми мектептің негізін қалаушы болып табылады. Оның еңбектері тек қана Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттеріне де танымал.

Өмірхан Аймағамбетұлы өзінің өмірлік және кәсіби тәжірибесін, энциклопедиялық білімін барша адамзатқа беруге құштар болды. Ол техника ғылымдарының 60 кандидатын, 10 докторын дайындады, 300-ден аса ғылыми еңбектері мен 30 өнертабысы жарыққа шықты. Көптеген монографияның авторы.

Отбасылық жағдайы:

Жұбайы – Мәриям, үй шаруасында. Қызы – Роза, педиатр-дәрігер, қалалық медицина колледжінің жоғары санатты оқытушысы. Ұлы – Кәрім, тау-кен инженері, техника ғылымдарының кандидаты. Қызы – Әлия, инженер химик-технолог, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың кафедра меңгерушісі. Қызы – Алма, музыка мамандығы бойынша педагог. Немерелері – Мадина, кардиолог-дәрігер; Әнел – металлургиялық үдерістерді автоматтандыру инженері, Іскери Әкімшілік магистрі; Болат – түсті металлургияның инженер-металлургі, өндіріс ұйымдастырушысы, бизнес саласында жұмыс істейді; Талғат – Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдап, заң саласы бойынша білім алған; Алихан – маркетолог. Шөберелері – Вадим және Таир (ата-аналары – Әнел және Сергей Удовенчук, бизнес саласында).

Өмірлік ұстанымы:

Байқоңыровтың күнделігінен: «Барлық өмір қарапайым ойға жетелейді: жеке бастың даңқы, жеке бастың жемісі, жеке бастың жетістігі – мұның бәрі әрине маңызды, бірақ мұнымен адам баласы шектелмеу керек. «Өзімнен кейін қандай зертхана, кафедра қалдырдым?», «Жас ұрпаққа пайдалы дүние қалдыра білдім бе?», ««Өзімнен кейінгі шәкіртіме: «Ғылымға бетбұру – ол халқыңа, Отаныңа қызмет ету деген мағынаны білдіреді»»,-деп сендіре білдім бе?» деген сұрақтар мазалайды.

   Жетістікке жетудің формуласы:

Байқоңыровтың күнделігінен: «Бір нәрсені табу үшін, ізденімпаз болып, көрінбейтінді болжап, сезіне білу керек, қиыншылықтар мен сәтсіздік болған жағдайда еңсені түсірмей, талапшыл болып, көп еңбектену қажет (Д.И. Менделеев)».